24.02.2026
Бүгін ерекше шабытқа толы маңызды шара- үйден оқыту онкүндігінің салтанатты ашылуы өтті. Онкүндік тақырыбы: «Үйден оқытудағы мамандықтар әлемі».Мереке жүргізушінің әсерлі сөздерімен басталды. Залда ерекше тыныштық орнап, бәрі толқумен тыңдады:
«Әлем әлі ұйқыда жатқанда…
қалалар тыныштық құшағында болғанда…
күн енді ғана көтерілгенде…
кім бірінші болып оянады?
Біздің үйлерімізге жарық кім береді?
Нанды кім пісіреді?
Жолды кім салады?
Адамдарды кім емдейді?
Балаларды кім оқытады?»Балалар бір ауыздан: «Бұл — түрлі мамандық иелері!» деп жауап берді.
Содан кейін нағыз «Мамандықтар шеруі» басталды. Педагогтар әртүрлі мамандық иелерінің бейнесіне енді: аспаз, дәрігер, құрылысшы, мұғалім, өрт сөндіруші-құтқарушы. Әдемі костюмдер мен мамандыққа тән құрал-жабдықтар балалардың қызығушылығын арттырды.
Оқушылар да белсенді қатысты: аспаздың қимылдарын қайталады, дәрігер сияқты «емдеді», құрылысшыдай «құрылыс салды», өрт сөндірушідей «құтқарды», мұғалімдей «сабақ түсіндірді». Зал шаттық пен қуанышқа толды.
«Мамандықты жинауға көмектес» ойыны барысында балалар құрал-жабдықтарды тиісті мамандықпен сәйкестендіріп, өз білімдерін көрсетті.Интерактивті бөлім — «Мен кім болғым келеді?» және экрандағы«Мамандықты тап» ойыны ерекше қызығушылық тудырды. Экранда түрлі мамандық иелерінің суреттері көрсетіліп, балалар сұрақтарға жауап берді:
— Бұл адам не істейді?
— Қайда жұмыс істейді?
— Оған жұмыс істеу үшін не қажет?
Ең әсерлі сәт — жүргізушінің ұсынысы болды:
«Ал енді — кезек сендерде!
5 секундқа көздеріңді жұмыңдар…
Өздеріңді ересек адам ретінде елестетіңдер…
Қандай мамандық иесі болғыларың келеді?»
Залда тыныштық орнады. Сосын бірінен соң бірі балалардың армандары естілді:«Дәрігер», «Мұғалім», «Жүргізуші», «Құрылысшы», «Аспаз», «Полиция қызметкері»…
Шара соңында жүргізуші балалармен бірге қимыл-қозғалыспен айтылатын серт сөздерін орындады:
Мен адамдардың еңбегін құрметтеймін -алақан жүрекке.
Мен тырысамын -жұдырық түю.
Мен оқимын-басымызға қол тигізу.
Мен пайдалы боламын -қолды алға созу.
Мен адал боламын — қол кеудеде.
Мен -болашақпын! -қолды жоғары көтеру.
Бұл күн балаларға шабыт сыйлап, әр мамандықтың маңыздылығын ұғындырып, болашаққа деген сенімді арттырды.