17.03.2026
Бүгін мектебімізде бастауыш сынып оқушыларына арналған «Армысың, Әз-Наурыз!» атты керемет мерекелік іс-шара өтті. (Жүргізуші-Нурзия Султановна).
Мерекенің мақсаты – оқушыларға Наурыз мейрамының мәні мен маңызын түсіндіру, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстыру, сондай-ақ балаларды шынайылыққа, адамгершілікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеу болды.
Мерекелік алаң қазақы нақышта безендірілді: киіз үйдің жабдықтары, ұлттық тағамдар, алтыбақан, көш көрінісі және түйе бейнесі қойылып, нағыз қазақ ауылының атмосферасы жасалды.
Шара көш көрінісімен басталды. Атпен келген адамдар көшті бастап, балалар қуана айналасына қарап, жайлауға жеткенін бейнеледі. Жайлау жасыл, шөбі қалың, күн ашық, ауа таза -бәрі де табиғаттың жаңарғанын, көктемнің келгенін көрсетті. Сахна артында көктем көрінісі бейнеленген баннер орнатылып, ортасына алтыбақан құрылды.
Көрініс барысында Қыдыр ата ( Салтанат Ануарбековна ) келіп, ақ батасын берді. Балалар Көктем – Гүлді ( Фируза Рақымжанқызы)қарсы алып, қуанышпен би билеп(Назгуль Абуовна, Айару Бериковна,Айнагуль Ноурозбаевна, Амира, Нурдана), ұлттық ойындар ойнады. Әсіресе асық ойыны мен ұлттық билер мерекенің сәнін кіргізді. Оқушылар «Жүн сабау» биін, сондай-ақ асықпен орындалған «Қара жорға» биін билеп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мереке барысында әжелер (Гүлия Жайлауовна, Алтын Закирьяновна, Шнар Муратовна) балаларға ұлттық қолөнер дәстүрін таныстырды. Олар әсем кілемшені әшекейлеп, ою-өрнек жасаудың жолдарын көрсетті. «Балалар, бізге көмектесіп жібересіңдер ме?» -деп балаларды жанына шақырып, бірге отырып, кілемшені қалай безендіру керектігін үйретті. Бұл сәт балалар үшін өте қызықты әрі танымдық болды.
Мерекенің соңында дәстүр бойынша шашу шашылып, ақ тілектер айтылып, бата берілді.
Бұл жарқын мереке балаларға ұлттық мәдениетіміздің байлығын сезінуге мүмкіндік беріп, олардың жүрегінде туған халқының салт-дәстүріне деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырды.