09.06.2026
«Дүйсенбі -ауыр күн» деген мақал біздің мектепке, әсіресе «Арман» мектеп жанындағы лагерінің өміріне мүлде сәйкес келмейді!
Жаңа апта жоғары топ тәрбиеленушілері үшін жарқын әсерлерге, қызықты оқиғаларға толы күннен басталды. Бүгін балалар Бурабайға саяхат жасап, бірден бес ерекше нысанды тамашалады.
Алғашқы аялдама «Динопарк» болды. Мұнда балалар миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген алып динозаврлар әлеміне саяхат жасап, ежелгі дәуірдің ғажайып тіршілік иелерімен танысты. Динозаврлардың алып мүсіндері балаларды таңғалдырып, ерекше қызығушылық тудырды.
Одан кейін тәрбиеленушілер «Табиғат» музейіне барып, туған өлкенің өсімдіктері мен жануарлар дүниесі туралы мол мағлұмат алды. Сондай-ақ хайуанаттар бағында болып, жануарларды тамашалап, олардың тіршілігі жайлы қызықты деректермен танысты.
Балаларға ерекше әсер сыйлаған орындардың бірі - «Ғажайып үй 3» төңкерілген үйі болды. Мұнда барлық заттар төбеде орналасқандай көрініп, балалардың таңданысын арттырды. Сондай-ақ террариумдағы экзотикалық жануарлар мен бауырымен жорғалаушылар да үлкен қызығушылық тудырды.
Күні бойы балалардың қуанышы мен әсері ерекше болды. Таңданыс, шаттық, қызығушылық пен көтеріңкі көңіл күй олардың жүздерінен анық байқалды. Осындай экскурсиялар балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, жазғы демалыстарын мазмұнды әрі есте қаларлық етеді.
Тәрбиеленушілерімізге қуаныш сыйлап, жылы қарсы алған барлық ұйымдардың басшылығына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сондай-ақ балаларды тасымалдауды ұйымдастырып, қолдау көрсеткен ҰҚК департаментіне ерекше ризашылығымызды білдіреміз.